Accessibility links

Алматыда ХҚО-ларда "уақытша тіркеу" талабынан кезек туындады


Азаттық сайты жүргізген ХҚО-дағы кезек туралы тікелей трансляциядан кадр. Алматы, 9 қаңтар 2017 жыл.
Азаттық сайты жүргізген ХҚО-дағы кезек туралы тікелей трансляциядан кадр. Алматы, 9 қаңтар 2017 жыл.

Алматыда халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) бүгін азаматтарды уақытша сапар шеккен жері бойынша тіркеуге тұруды міндеттейтін заң талабы күшіне енген соң кісі қарасы әдеттегіден көбейді. Тұрғындар сағаттап кезекке тұруға мәжбүр болғанын айтады.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

Әлеуметтік желі қолданушылары қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектен түсірген суреттерін жариялап жатыр.

Азаттық тікелей трансляция жүгізген Әуезов аудандық ХҚО-да да уақытша тіркеуге тұруға кезек пайда болған.

Бүгін "Үкімет азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясы" уақытша тіркеу талабына байланысты Астана мен Алматы қалаларында ХҚО таңға сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейтінін хабарлаған. Корпорацияның мемлекеттік қызмет көрсету дирекциясы директорының орынбасары Шоқан Әбділмановтың айтуынша, өткен демалыс күндері Қазақстанда 10 мыңға тарта адам уақытша тіркеуге тұрған.

XS
SM
MD
LG