Accessibility links

Сағынтаев: Тіркеу туралы заң дер кезінде түсіндірілмеді


Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрі.
Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан премьер-министрі.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрлігін азаматтарды уақытша тіркеуге тұруды міндеттейтін жаңа заң жобасын түсіндіру жұмысы кеш бастады деп сөкті.

Астанада өтіп жатқан үкімет отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан уақытша тіркеу талабына қатысты соңғы күндері туындап жатқан дүрлігіске байланысты есеп берді. Оның сөзінше, 7-9 қаңтар күндері Қазақстан бойынша жалпы 40 мың адам тіркеуге, оның 19-ы уақытша тіркеуге тұрғанын айтты.

Сағынтаев заңды түсіндіру жұмыстары халыққа қызмет көрсету орталықтары дүрлігіс пен кезек пайда болған соң ғана түсіндіру жұмыстары басталғанын айтып, "заңды түсінбеген халықтың жаппай ХҚКО-ға барғанын" жеткізді.

Бұдан соң Сағынтаев ішкі істер министрлігі мен ақпарат және коммуникация министрлігіне заңға енгізілген жаңа норманы түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуге және тіркеу процедураларын барынша жедел етуді тапсырды.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

XS
SM
MD
LG