Accessibility links

Ауғанстан: Кандагардағы жарылыста БАӘ елшісі жараланды


Кабулде жарылыс болған парламент маңында жүрген полиция қызметкерлері. Ауғанстан, 10 қаңтар 2017 жыл.
Кабулде жарылыс болған парламент маңында жүрген полиция қызметкерлері. Ауғанстан, 10 қаңтар 2017 жыл.

Ауғанстан билігінің мәлімдеуінше, 10 қаңтар күні Кабулде парламент маңында болған жарылыстар мен Кандагар уәлаятында болған жарылыстан ондаған адам қаза тауып, көптеген адам жараланды. Кандагар уәлаятында жараланғандар арасында уәлаят губернаторы Хамаюн Азизи мен Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) елшісі бар.

10 қаңтар күні түстен кейін Кабулде парламент маңында болған екі жарылыстан кем дегенде 38 адам қаза тапты. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Садик Садикидің хабарлауынша, әуелгі жарылыс парламент қызметкерлері жұмыстан қайтып жатқанда болды. Әуелі көлікке жасырылған бомба жарылып, одан соң жанкешті өзін-өзі жарып жіберді. Екінші жарылыс оқиға орнына қауіпсіздік күштері жеткен кезде болды. Дәрігерлердің айтуынша, жарылыстардан 70-тен аса адам жараланды. Жарылыстардың жауапкершілігін "Талибан" қозғалысы мойнына алды.

Кандагар уәлаятының орталығындағы жарылыс 10 қаңтар күні кешке губернатор мен БАӘ елшісі және басқа да билік өкілдері мен дипломаттар қатысқан кешкі ас кезінде болған.

Кандагар әкімшілігінің баспасөз хатшысы, өзі де кешкі асқа қатысқан Самим Кхпалваканың айтуына қарағанда, жарылғыш зат диванның астына жасырылғанға ұқсайды. БАӘ сыртқы істер министрлігі терактіден Ауғанстандағы елшісі Жума Мұхаммед Абдулла әл-Кааби және бірқатар дипломаттар жараланғанын растады. 10 қаңтар күні жарылыстан ертерек министрліктің Twitter-дегі аккаунтында Кандагардағы кездесуден суреттер жарияланған еді.

БАӘ әскері Ауғанстанда АҚШ әскері басып кірген 2001 жылдан бері бар. Әзірге шабуыл жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ.

XS
SM
MD
LG