Accessibility links

Ақтөбе: Әскери сот шабуылға қатысты істің құпия томын қарай бастады


Ақтөбе гарнизонының әскери соты. 21 желтоқсан 2016 жыл.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты. 21 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты бүгін 2016 жылдың маусым айындағы қарулы шабуылға қатысты Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінің екі әскери қызметкеріне қатысты істің ең соңғы құпия томын қарай бастады. Он сегіз томнан тұратын істің құпия томын әскери сот жабық түрде қарап жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе гарнизоны әскери сотының кеңсесінен хабарлады.

Сот ақпаратына қарағанда, әскери бөлім майорлары - Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековке "қарулы шабуыл кезінде әскери жарғыны бұзды, қызметіне немқұрайды қарады" деген айып тағылған. Істі судья Бекболат Тәжімұқан қарап жатыр. Сот 2016 жылғы 21 желтоқсан күні басталды. Әскери соттағылар жуық арада үкім шығып қалуы мүмкін екенін айтады.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, күдікті Тастамбеков шабуыл жасалған 5 маусым күні бөлімде кезекші, ал Оразжанов кезекшінің көмекшісі болған. Мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіровтің сөзінше, күдікті әскерилер шабуыл жасалған кезде жарғы бойынша қару қолданулары тиіс еді. "Олар 17 адам әскери бөлімге қарулы шабуыл жасағанда керісінше, өз өмірлеріне алаңдап, жарғыны бұзған. Майор Тастамбеков штабтың әжетханасына тығылып, кейін дәретхананың терезесінен қашып шығып кеткен. Олар қызметтеріне немқұрайды қараған. Осының салдарынан әріптестері, қатардағы жауынгер Сапар Досбол, кіші сержант Берікжан Қалиев, майор Даниэль Майлыбаев оққа ұшты" деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотта куә ретінде сөйлеген қатардағы жауынгер Рамазан Мұсабаев сол күні қарауылда болғанын, шабуыл жасалғанда майор Қайнарбек Тастамбековтің "қатардағы жауынгерлерге ешқандай бұйрық бермей, әжетханаға қашып барғанын", "үш жауынгер де оның артынан ергенін" айтты. Куәнің сөзіне қарағанда, олар әжетханаға барғанда Тастанбеков өздерін тастап сыртқа қашып шыққан.

Былтыр маусымның 5-і күні Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысты 29 адамды түрлі мерзімге соттаған.

XS
SM
MD
LG