АҚШ президенті Барак Обама президенті ретінде елімен қоштасу сөзінде елін бұрынғыдан да күштірек қылғанын, бірақ америкалықтар АҚШ-тың мақсатқа жету бірлігі мен билік бірлігін бұзатын бөлінушілікті жою үшін әлі көп нәрсе істеу керегін мәлімдеді. Обама қоштасу сөзін 10 қаңтарда Чикагода сөйледі.
Обама сөзінде қызметінде жеткен жетістіктері ретінде Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі халықаралық келісімін, Кубамен қарым-қатынасты жақсартқанын, АҚШ экономикасының дамуын қалпына келтіргенін айтты. Ол сонымен қатар сегіз жылдық президент қызметінде өз жақтастары ойлағаннан да көп нәрсе тындырғанын айтты.
"Іс жүзінде қай жағынан алып қарасақ та АҚШ бүгін де қызметімізді бастаған кездегіден әлдеқайда жақсы, әлдеқайда күшті ел. Біз ең бай, ең қуатты және ең қатты құрметтелетін мемлекет болып қала береміз" деді Обама. Ол сонымен қатар өзі елеулі қауіп деп санайтын және болашақ президенттер мен азаматтар шешуі тиіс деген мәселелерді де көтерді.
Обама иммигранттарға деген жеккөрініштіліктің артып келе жатқанын қауіп деп санайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ әуелден иммигранттар мемлекеті болған және өзінің экономикалық қуаты мен мәдени әлеуетінің көп бөлігін өзін паналап келген түрлі ұлттар мен нәсілдердің араласуынан алады.
"Мен америкалық мұсылмандарды кемсітуді қош көрмеймін, олар да біз сияқты патриот" деген Обама ақ нәсілді америкалықтарға қарата "Болашақта АҚШ-тағы жұмысшы күшінің көп бөлігін солар құрайды, сондықтан оларды қабылдап, құшағымызды айқара ашуымыз керек" деді.
"Егер біз бұған дейін қорғап келген ұстанымдарымыздан бас тартпаcақ және кішкентай көршілеріне соқтыға беретін тағы бір елге айналып кетпесек, онда Ресей немесе Қытай сияқты бәсекелестер әлемдегі ықпалымызға төтеп бере алмайды" деді Обама.