Accessibility links

Қаламқастағы наразы жұмысшы бір тәуліктен кейін краннан түсті


Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркетуді талап еткен жұмысшы Мейрамбек Қуантаевтың краннан түскен беті. Маңғыстау облысы Қаламқас кеніші, 12 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркетуді талап еткен жұмысшы Мейрамбек Қуантаевтың краннан түскен беті. Маңғыстау облысы Қаламқас кеніші, 12 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде кеше Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ҚТКК) тіркетуді талап етіп, кран басына шығып алған Оil Сonstruction Сompany (OCC) кәсіпорнының мұнайшысы Мейрамбек Қуантаев бүгін таңертең краннан түсті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Кран басында бір тәулік отырған Қуантаев талабынан бас тартпайтынын айтады. Кран басында 11 қаңтар күнгі таңғы сағат 6-дан бері отырған Қуантаев бүгін таңертеңгі сағат 7-ден кете түскен.

Мейрамбек Қуантаев краннан түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00
Жүктеп алу

Кран тұрған кеніштің өндірістік аумағына кеше компания басшысы, прокуратура, құқық қорғау органдарының өкілдері барып, Қуантаевты райынан қайтармақ болған. Бірақ Қуантаев талабынан бас тартпаған.

Кеніштің өндірістік аумағына барған Азаттық тілшісін ол жерге кіргізбеді. Өндірістік аумаққа кіреберістегі постыда тұрған күзетшілер аумаққа "Қазақстан-Ақтау" телеарнасының тілшілерін ғана "әкімшілік оларға рұқсат берген" деп кіргізіп, Азаттық тілшісін кіргізуден бас тартты.

Компанияның аштық жариялаған өзге жұмысшыларының айтуынша, олар Қуантаевқа кәсіподақты тіркету талабын барлығы бірге қойып отырғанын айтып, кран басынан түсуге үгіттеп, түнімен келіссөз жүргізген.

Краннан түскен соң Қуантаев Азаттыққа өзінің кран басына неліктен шығып кеткенін айтты. Ол талап қою, аштық жариялау сияқты наразылықтардың билік, үкіметке ешқандай әсер етпейтінін Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығында көргенін айтты.

- Мұндағы жігіттердің кәсіподақты тіркеу туралы талап қойып, аштық жариялағанына бір аптаға жуықтады. Мені ешкім үгіттеген жоқ. Мен ешкіммен ақылдаспай, жігіттердің талабын тезірек орындатып, аштықты тоқтату үшін кран басына өзім шығып кеттім. Кран басында бір тәулік отырдым. Бірақ ол жерде айлап отырмаймын ғой. Мен ол жерде қанша уақыт отырсам да сөзімнің мәні жоқ, менің жайым, жұмысшылардың тағдыры да үкіметке бәрібір екенін ұқтым. Әкімдіктен отбасыма қайта-қайта хабарласып, қорқытып, жұмыс орныма келген соң, оның үстіне аштық ұстап жүрген, түнімен ұйықтамаған әріптестерімді аяп краннан өзім түстім. Бірақ талабым сол күйі қалады, - деді Қуантаев.

Мейрамбек Қуантаев краннан түскеннен кейін анасымен көрісіп тұр. Маңғыстау облысы, 12 қаңтар 2017 жыл.
Мейрамбек Қуантаев краннан түскеннен кейін анасымен көрісіп тұр. Маңғыстау облысы, 12 қаңтар 2017 жыл.

Қуантаев ҚТКК басшысы Лариса Харькованы қудалауды тоқтатуды, кранға шыққаны үшін өзін қудаламауды талап ете беретінін айтты. Ол біраз уақыт тынығып, денсаулығын түзеген соң наразылығын жалғастыратынын жеткізді.

ОСС - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігері. Ол компания иелігіндегі Қаламқас, Жетібай кеніштеріне жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысады. ОСС компаниясының 400-ге тарта жұмысшысы қаңтардың 5-інен бері тәуелсіз кәсіподақты тіркетуді сұрап, аштық жариялап отыр. Олар судан басқа нәр татпайтын аштықты жұмыстарын жасай жүріп жалғастырып жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық соты 4 қаңтарда әділет министрлігінің шағымы бойынша ҚТКК-ны жабу туралы шешім шығарған. OCC-ның 400-ге тарта жұмысшысы кәсіподақты жабуға наразылық танытып, 5 қаңтардан бері аштық жариялап отыр. Олар судан басқа нәр татпайтын аштықты жұмыстарын жасай жүріп жалғастырып жатыр.

Қаламқас кеніші - Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудың шығысында 280 км жерде орналасқан.

XS
SM
MD
LG