Франция соты Косовоның бұрынғы премьер-министрі Рамуш Харадинайды оны Сербияның сұрауы бойынша экстрадициялау мәселесін шешкенше қамаудан кепілге босатты. Кольмар қаласының соты 12 қаңтарда Харадинайды экстрадиция мәселесі шешілгенге дейін кепілге сот бақылауында болатыны туралы шешім шығарды.
48 жастағы Харадинай 4 қаңтарда Сербияның сұрауы бойынша ұсталған. Харадинай 1998-1999 жылдардағы Косовоның тәуелсіздігі үшін соғыста дала командирі болған. Сербия билігі оны сол соғыста әскери қылмыс жасады деп айыптайды. Бұрын Сербияның бір аймағы болған Косово 2008 жылы тәуелсіздігін жариялаған.
Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Харадинайды екі рет әскери қылмыстар жасады деп соттап, кейін ақтаған. Харадинай 2004 жылы Косовоның премьер-министрі болып сайланып, бірақ 100 күннен соң Гаагадағы сотқа қатысу үшін отставкаға кеткен.
Косово премьер-министрі Иса Мустафа 11 қаңтарда Сербияның Харадинайды сұратуын "мүлдем заңсыз әрі әділетсіз" деп атап, оның ұсталуын "аймақтағы еуропалық интеграциялық процестерге нұқсан келтіреді" деп бағалаған.