Accessibility links

Грузияда ондаған жақтасы Саакашвили басқаратын партиядан шықты


Давид Бакрадзе, "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясының жетекшісі болып тұрған кезінде. Тбилиси, қазан 2016 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясының бірнеше жетекші мүшелері 12 қаңтарда партия құрамынан шығып, жаңа саяси күш құратынын мәлімдеді. "Біріккен ұлттық қозғалыстың" Грузия парламентіндегі 27 депутатының 21-і партиядан шықты. Бөлінгендер арасында парламенттің экс-спикері Давид Бакрадзе, Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулава да бар.

Давид Бакрадзе жаңа саяси күш іс басындағы "Грузия арманы" партиясымен "күрестің жаңа кезеңін бастайтынын" мәлімдеді. Гиги Угулава Саакашвилидің "бұрынғыдай жетекшілік ету қабілетін көрсете алмайтынын" айтып, оны "партияны ыдыратты" деп айыптады. Саакашвили партиясының белді мүшелері мұндай мәлімдемелерді партияның 20 қаңтарда өтетін құрылтайы қарсаңында жасап отыр.

Михаил Саакашвили билікке 2003 жылғы "Раушан төңкерісі" деп аталған бейбіт толқулар кезінде келіп, Грузияны 2004 жылдан 2013 жылға дейін басқарды.

2012 жылғы парламент сайлауында миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Грузия арманы" партиясы "Біріккен ұлттық қозғалысты" жеңіп, Саакашвили биліктен кеткен.

Саакашвили 2015 жылы Украинаның Одесса облысының губернаторы болған соң Грузия азаматтығынан айырылған. 2016 жылы ол бұл қызметінен отставкаға кеткен. Қазір оны Грузия билігі "президент болған кезіндегі қылмыстық істерге" қатысты іздеу жариялаған. Саакашвили өзін қудалаудың саяси астары бар деп санайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG