Оралда өткен жылы күзде тағамынан ондаған адам уланған "Burger street+" фастфуд кафесін жалға алған Нұрман Қабекешевке қатысты қылмыстық іс қалалық сотқа түсті. Кәсіпкерге қылмыстық кодекстің 304-бабы ("Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша айып тағылған.
Тергеушілер тұжырымы бойынша, кәсіпкер жалға алған кафеде фастфуд тамақтарын санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамай дайындалып, сатылған. Кафені тексерген санэпидемиологиялық қызмет азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылғанын, аспазшылардың медициналық кітапшалары жоғын анықтаған. Кафеде ыстық су болмаған.
Өткен жылы қарашада "Burger street+" кафесінен тамақтанған 30 шақты адам улану белгісімен облыстық инфекциялық ауруханаға түскен. Астан уланғандар арасында жастар, мектеп оқушылары, жүкті әйел мен сегіз бала бар. Бірнеше бала біраз уақыт жансақтау бөліміне жатып шыққан. Дәрігерлер олардың барлығына "асқынған ішек инфекциясы" деген диагноз қойған.
Жаппай улануға қатысты алғашқы сот тыңдауы Орал қалалық сотында 23 қаңтарға белгіленді.
18 қаңтарда азаматтық сотта Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің кәсіпкер Қабекешевтен моральдық және материалдық шығын ретінде үш миллион теңгеден астам қаржы өндіру туралы шағымы қарала бастайды.