АҚШ президенті Барак Обама Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы 2014 жылы наурызда енгізілген санкциялардың мерзімін тағы бір жылға – 2018 жылғы наурызға дейін ұзартты.
Бұл туралы Ақ үй сайтында жарияланған құжатта Ресей үкіметі мен санкциялық тізімге енгізілген адамдар мен ұйымдар «Украинадағы демократиялық процестер мен институттарды шайқалтып, елдің бейбітшілігі, қауіпсіздігі, тұрақтылығы, егемендігі мен территориясының тұтастығына қатер төндіріп отырғаны» айтылған.
«Ресей үкіметінің іс-әрекеті мен саяси қадамдары АҚШ сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігі үшін төтенше қатер төндіреді» деп мәлімдеген Ақ үй басшысы.
«Сондықтан мен шұғыл шаралар тәртібін [санкцияларды] бір жылға ұзартамын» делінген президент Барак Обаманың қолы қойылған құжатта.
2014 жылғы Қырым аннекяисынан кейін АҚШ тәрізді Ресейге қарсы Еуропа Одағы енгізген санкциялардың мерзімі биыл шілде айында аяқталуы тиіс. Бұған дейін Италия мен өзге де кейбір Еуроодақ мүшелері Ресейге қарсы санкцияны алып тастауға ниет білдірген.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп бұған дейінгі мәлімдемелерінде егер Ресей АҚШ-пен достық қарым-қатынас орнатып, терроризмге қарсы күресте және АҚШ үшін маңызды басқа да мәселелерде жәрдем танытатын болса, онда Ресейге қарсы кей санкцияларды жою мәселесін неге қарастырмасқа деген пікір білдірген.
АҚШ үкіметі алғаш рет 2014 жылы наурызда Мәскеудің Қырым түбегін аннексиялап алуына қатысы бар деп санайтын кейбір ресейлік шенеуніктерге қарсы санкциялар енгізген. «Қара тізімге» енген адамдардың АҚШ аумағына келуіне тыйым салынып, АҚШ-тағы олардың мүліктері бұғатталған.
Кейін АҚШ билігі санкция тізімін бірнеше рет толықтырып, оған жекелеген адамдармен бірге кейбір ресейлік экономика салаларын енгізген. Вашингтон Ресей Донбастағы ресейшіл күштерге көмектесіп отыр деп санайды, Мәскеу оны жоққа шығарады.