Accessibility links

АҚШ сенаты Трамп төңірегінің Ресеймен байланысын тексермек


АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Нью-Йорк, 11 қаңтар 2017 жыл.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Нью-Йорк, 11 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ сенатының барлау істері жөніндегі комитеті Ресейдің АҚШ-тағы барлау қызметі туралы зерттеу жүргізіп, оның аясында Дональд Трамптың маңайындағы адамдардың Кремльмен байланысы бар-жоғын тексермек.

Сенат комитетінің жетекшілері республикалық партия өкілі Ричард Берр және демократ Марк Уорнердің бірлескен мәлімдемесінде комитеттің зерттеуі барысында Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауына қалай араласқаны да тексерілетіні айтылған.

Комитет жетекшілері әсіресе АҚШ президенті сайлауына ықпал ету мақсатымен ресейлік хакерлердің шабуылдары жайлы "қатты алаңдаушылық" тудырған ақпаратқа байланысты АҚШ-тағы Ресей барлауының көлемін анықтағылары келетінін хабарлаған.

Сенат комитеті америкалық барлау және қарсы барлау қызметтерінің мәліметтерін егжей-тегжейлі зерттеп, барлау қызметкерлерін және АҚШ арнайы қызметі тергеуіне іліккен адамдарды тыңдауды жоспарлап отыр.

Соңғы кезде батыстың бірқатар баспасөз құралдары "Кремльдің қолында АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа қатысты компромат бары" туралы бұрын британ барлау қызметіне жұмыс істеген адам әзірлеген есепті жариялағаннан кейін АҚШ-тағы сайлау процесіне Ресейдің араласуы тақырыбына қоғам назары ауған. Дональд Трамп және америкалық көптеген сарапшылар ол "жалған ақпарат" дейді.

XS
SM
MD
LG