АҚШ кәсіпкері Илон Масктің жекеменшік SpaceX компаниясы жасаған Falcon-9 зымыраны ғарышқа спутникті алып шыққан соң, Тынық мұхиттағы платформаға сәтті қонғаны хабарланды.
Өткен жылы күзде болған апаттан кейін Falcon-9 зымыранын ғарышқа ұшыру қаңтардың 9-ына белгіленген еді. Бірақ қатты жел мен жауын салдарынан ұшыру уақыты кейінге шегерілген болатын.
2016 жылы қыркүйектің 1-і күні Канаверал мүйісіндегі ұшыру алаңында Falcon 9 зымыраны жарылып кеткен. Содан бері зымыран қайтадан ғарышқа алғаш рет ұшырылып отыр. Компания өкілдері қыркүйектегі апат қайталанбасы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауға тырысқанын айтады.
SpaceX компаниясы халықаралық ғарыш станциясына жүк жеткізу жөнінде АҚШ ғарыш агенттігімен (NASA) келісім жасасқан жеке меншік екі кәсіпорынның бірі. Көп рет пайдаланылатын Falcon-9 зымыраны ғарыш аппараттарын ұшыру құнын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.