Accessibility links

Анкара Сирия жайлы келіссөзге АҚШ-тың қатысуын қолдайды


Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Мәскеу, Ресей, 20 желтоқсан 2016 жыл.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Мәскеу, Ресей, 20 желтоқсан 2016 жыл.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Анкара мен Мәскеу АҚШ ресми адамдарын осы айдың соңында Қазақстан астанасында Сириядағы жанжалды реттеу мәселесі жөнінде өтетін бейбіт келіссөздерге қатысуға шақыратыны туралы хабарлаған. АҚШ-тың келіссөздерге қатысуына Түркияның қолдау танытатыны жайлы Чавушоглу бұған дейін де айтқан, бірақ Ресей әлі күнге шейін АҚШ өкілдерін шақырғысы келетіні жайлы жария түрде білдірген емес деп хабарлайды "Америка дауысы".

Сирия жөніндегі келіссөздерге АҚШ-ты шақыру ниеті туралы сенбі күні жариялаған Чавушоглу сонымен бірге ол келіссөздерге "Сирия демократикалық армиясы" (YPG) деп аталатын күрдтердің әскери жасағының қатысуына Анкараның үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген. YPG жасағын "террорлық ұйым" деп атаған министрдің пікірінше, ол топтың мақсаты – Сирияны бөлшектеу.

Ақ үйдің болашақ баспасөз хатшысы Шон Спайсер АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың әкімшілігіне Ресей тарапынан Сирия бойынша бейбіт келіссөздерге қатысуға ұсыныс жасалғаны туралы жұма күні мәлімдеген. Оның сөзінше, ұсынысты АҚШ-тағы Ресей елшісі Сергей Кисляк 2016 жылғы желтоқсанның 28-і күні Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флиннмен телефон арқылы әңгіме барысында жасаған.

АҚШ Сирия демократикалық армиясына (YPG) жәрдем танытып келеді және оны Ракка қаласынан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын ығыстырып шығару жоспарын жүзеге асыруға атсалысатын одақтас деп санайды.

XS
SM
MD
LG