Accessibility links

Трамптың көмекшілері Путинмен кездесу жайлы хабарды растамады


Дональд Трамп (сол жақта) пен Владимир Путиннің фотоларынан коллаж.
Дональд Трамп (сол жақта) пен Владимир Путиннің фотоларынан коллаж.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың көмекшілері Ақ үйдің жаңа басшысы ресми қызметіне кіріскен соң Исландияға баратын алғашқы шетелдік сапарында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отыр деген ақпаратты теріске шығарды. Ақ үйдің жаңа әкімшілігінің баспасөз хатшысы Шон Спайсер БАҚ таратқан әлгіндей хабарлар "шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеген.

Бұған дейін The Sunday Times басылымы британ шенеуніктеріне сілтеме жасап, Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Исландия астанасы Рейкьявикте кездеспекші деп хабарлаған. Басылым ақпаратында кездесуде екі басшы ядролық қару мәселесін талқылайды делінген. Өзге ақпарат құралдары да, мәселен, Bloomberg Трамп инаугурациясынан кейін бірнеше аптадан соң сапарға шығуды жоспарлап отыр деп хабарлаған.

Дональд Трамп қаңтардың 20-сы күні ант беру рәсімінен кейін АҚШ-тың 45-президенті міндетіне ресми түрде кіріседі. Былтыр президенттік сайлау кампаниясы кезінде ол Ақ үй басшылығына келген жағдайда Ресеймен жағдайды жақсартуға күш салатыны туралы бірнеше рет мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путиннің атына мақтау айтқан.

1986 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен СССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев алғаш рет Рейкьявикте кездескен. Қазіргі кездегі әлемдегі қару-жарақты бақылау процесі сол кездесуден бастау алған.

XS
SM
MD
LG