Парижде израиль-палестин жанжалын бейбіт жолмен реттеу бойынша халықаралық конференция басталды. Оған 70 мемлекет пен ұйымдардың өкілдері қатысып отыр.
Палестин жағы конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференцияға қатысудан бас тартқан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл «Израильге қарсы» сипаттағы жиынға айнала ма деп қауіптенетінін айтқан.
Палестина мен Израиль арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздердің соңғы кезеңі тоғыз айға созылған пікірталастан кейін 2014 жылы сәуірде нәтижесіз аяқталған еді.
Париж конференциясына қатысуға АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри барған, АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің өкілдері жиынға бармаған.
Палестин мен Израиль арасындағы өте күрделі мәселелердің бірі – Иерусалим қаласының мәртебесіне қатысты. Былтыр президенттік сайлау кампаниясы кезінде Дональд Трамп АҚШ билігіне келген жағдайда Иерусалимді Израиль мемлекетінің астанасы деп тануға және АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге уәде еткен.