Қырғызстанның бас прокуратурасы осы елдің Шу облысында орналасқан Манас әуежайы маңындағы саяжай үйлеріне құлаған Боинг-747 жүк ұшағы апаты бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс Қырғызстан қылмыстық кодексінің "Әуе көліктерін қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын бұзып, кісі өліміне себепкер болу" бабымен ашылды.
Қаңтардың 16-сы күні Қырғызстан астанасы Бішкекке жақын жердегі Манас халықаралық әуежайы маңында Гонконгтен Стамбулға ұшып бара жатқан түркиялық Боинг-747 жүк ұшағы саяжай үйлеріне құлап, 30-дан астам адам қаза тапты. Оқиға орнында жүрген төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Боронов Азаттықтың Қырғыз қызметіне:
- 32 адам қаза тапты. Оның 28-і біздің (Қырғызстан - ред.) азаматтар, төртеуі - ұшақ экипажының мүшелері,- деді.
Ұшақ құлаған саяжай аумағындағы 20-дан аса тұрғын үйлер қирады. Опат болған адамдар арасында балалар да бар. Әзірге жүк ұшағының неден құлағаны белгісіз. Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісіне халықаралық Манас әуежайы баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова:
- Ұшаққа қалың тұман кесірін тигізуі мүмкін, бірақ біз әзірге анық ештеңе айта алмаймыз. Анық ақпарат болса, кейінірек хабарлаймыз, - деді.
Ұшақ жанармай толтыруға қонбақ болған деген болжам бар. Қазір оқиға орнында үкімет комиссиясы жұмыс істеп жатыр.