Accessibility links

ҰҚК "террорға қарсы" желіні бұғаттау тәртібін түсіндірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтардың 21-і күні ресми сайтында «байланыс желілері жұмысы мен интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру мәселесі жөнінде» түсініктеме берген.

ҰҚК төрағасы, оның орынбасарлары мен ҰҚК-нің аймақтық органдары басшыларының байланыс желілері мен құралдарының жұмысын тоқтата тұру туралы жаңа тәртіп өткен жылы Ақтөбе мен Алматыда ондаған адамның өмірі қиылған қарулы шабуылдарға жауап ретінде 2016 жылдың соңында қолданыстағы заңнамаға «террорға қарсы» өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін пайда болған.

ҰҚК «Байланыс туралы» заңның 41-1 бабына жаңадан толықтырылған 1-2 тармағында ҰҚК-нің лауазымды қызмет иелері «кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда кейіннен байланыс саласындағы уәкілетті органды және Қазақстан Республикасы бас прокуратурасын жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұруға құқылы» екені көрсетілгенін түсіндірген.

Заңға сәйкес, ҰҚК-нің талабы бойынша «байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысы уақытша тоқтата тұру үш сағаттан аспайтын уақыт ішінде орындалуы тиіс».

ҰҚК «қазіргі кезде заңнамада көрсетілген өзгертулерге кейбір субъектілер тарапынан теріс түсінік беру байқалуы себепті» түсініктеме беруді қажет деп тапқанын мәлімдеген.

Әлеуметтік желі қолданушы қазақстандықтар ҰҚК-нің «желілерді сот шешімінсіз бұғаттау» құқығын соңғы күндері қызу талқылаған. ҰҚК-нің аймақтатық бөлімшелерінің басшылары деңгейіндегі лауазымды тұлғаларға желіні бұғаттау өкілеттігі берілгені туралы заңгер Джохар Утебековтің Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасына екі күннің ішінде 200 пікір жазылып, мың жарым адам таңдаулы тақырып белгісін қойған. Заңгердің пікірінше, байланыс желісі мен құралын бұғаттауға негіз болатын «ауыр қылмыстардың алдын алу» деген сөздің мазмұны тым бұлыңғыр.

«Террорға қарсы» қабылданған заң өзгертулері мен толықтыруларына өткен жылғы желтоқсанда Қазақстан президенті қол қойған. Жаңадан енгізілген ережеге сәйкес енді тұрақты тіркелген мекенжайынан басқа жерге бір айдан асатын уақытқа барған қазақстандықтар сол мекенжайға уақытша тіркеуге отыруға міндетті. Бұл жаңа ереже күшіне енісімен бүкіл Қазақстан бойынша мыңдаған адам сабылып халыққа қызмет көрсету орындарына барды, ол жерде жұрттың бәрін тіркеп үлгермей, ұзын-сонар кезектер пайда болды. Оның соңы кейде қайғылы оқиғаларға ұласты. Халыққа қызмет көрсету орталығына тіркелу үшін барғандардан кемінде екі адам кезекте тұрған кезде қайтыс болып кеткен.

XS
SM
MD
LG