Accessibility links

Маңғыстауда сот кранға шыққан мұнайшыға айыппұл салды


Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркетуді талап еткен жұмысшы Мейрамбек Қуантаевтың краннан түскен беті. Маңғыстау облысы Қаламқас кеніші, 12 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркетуді талап еткен жұмысшы Мейрамбек Қуантаевтың краннан түскен беті. Маңғыстау облысы Қаламқас кеніші, 12 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облысының Маңғыстау аудандық соты қаңтардың 12-сі күні Қаламқас кеніші басындағы кранға шығып, аштық жариялаған Oil Construction Company (ОСС) компаниясының мұнайшыларын қолдағаны үшін Мейрамбек Қуантаевқа әкімшілік жаза кесті. Қуантаевтың Азаттыққа айтуынша, бір тәуліктен соң краннан түскен оны Жаңаөзендегі үйіне кетіп бара жатқан жолда полиция тоқтатқан.

- Мені Шетпе селосындағы сотқа әкеліп, әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша (бейбіт жиналыс, шеру, митинг өткізу тәртібін бұзу туралы) жауапқа тартылатынымды айтты. Маған 20 айлық есептік көрсеткіш (45380 теңге) көлемінде айып салды, - дейді Мейрамбек Қуантаев.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оны жазаланушы да қолына алмаған.

Маңғыстау аудандық сотының судьясы Серікқали Бердібеков Азаттыққа Мейрамбек Қуантаевтың әкімшілік кодекстің 488-бабының 1-тармағы бойынша заң бұзды деп танылып, 20 АЕК айыппұл салынғанын растады.

Мейрамбек Қуантаев қаңтардың 5-сінен бері респбуликалық тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеуді талап етіп, аштық жариялаған Oil Construction Company мұнайшыларына қолдау білдіру үшін 11 қаңтар күні Қаламқас кенішіндегі кран басына шыққан. 24 сағат бойы кран басында отырған ол тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеуді, оның лидері Лариса Харькованы қудаламауды талап еткен.

Тәуелсіз кәсіподақты тіркеуді талап еткен ОСС компаниясы мұнайшыларының аштық акциясы Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас, Жетібай кеніштеріндегі жұмыс орындарында жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG