Accessibility links

Атырау соты Боқаев пен Аянның апелляциялық шағымын қарай бастады


Атырау облыстық сотындағы Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымын қарау сотына қатысушылар. Атырау, 16 қаңтар 2017 жыл.
Атырау облыстық сотындағы Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымын қарау сотына қатысушылар. Атырау, 16 қаңтар 2017 жыл.

Атырау облыстық сотында азаматтық белсенділер, жер митингілеріне қатысқан соң сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымы қаралып жатыр.

Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянның Азаттыққа хабарлауынша, белсенділер сотқа видеоконференция арқылы қатыстырылып отыр. Бұл ақпаратты Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев растады.

Апелляциялық шағымды облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева төрағалық еткен үш судья қарап жатыр.

26 қарашада Атырау облыстық соты Талғат Аян мен Макс Боқаевты "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттаған. Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кесті. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Боқаев пен Аянның сотталғанын айыптады. Құқық қорғаушылар бұған дейін бейбіт қарсылық акцияларына қатысу және наразылығын білдірудің қылмыс емес екенін мәлімдеген. Олар Астананы Боқаев пен Аянды босатуға шақырады.

XS
SM
MD
LG