Accessibility links

Маңғыстау әкімдігіне OCC жұмысшыларын қолдап хат тапсырды


OCC компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары. Маңғыстау облысы, 11 қаңтар 2017 жыл.
OCC компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары. Маңғыстау облысы, 11 қаңтар 2017 жыл.

16 қаңтар күні "Өзенмұнагаз" компаниясының құрамындағы Бұрғылау жұмыстары басқармасының (БЖБ) кәсіподақ ұйымы Oil Construction Company мұнайшыларына қолдау білдіріп, облыс билігіне ескерту хат тапсырды.

"Жаңаөзен қаласында 2011 жыл желтоқсан айында болған оқиғаның не себептен және қалай туындағаны белгілі. Хатты осындай оқиға келесіде қайталанбасын деп жазып отырмыз" делінген хатта.

Маңғыстау облысы әкімінің атына жолданған хатта Қазақстанның зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет екеніне және оның ең қымбат қазынасы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екендігі айтылған. Конституциясының 1-бабына сілтеме жасаған БЖБ мұнайшылары облыс әкімінен хатқа бес күн ішінде жазбаша жауап беруді сұраған.

- Бізге тәуелсіз кәсіподақ керек. Әріптестеріміздің он бір күн бойы ашығуына назар аудармау - адамды қинау деп түсінеміз. Мен БЖБ кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде оларды қолдаймын, - деп мәлімдеді Марат Жүсіпбаев Азаттыққа.

БЖБ - 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілінен соң құрылған жаңа мекеме. Онда сегіз ай бойы ереуілде тұрған "Өзенмұнайгаз" мұнайшылары еңбек етеді.

Oil Construction Company- «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас, Жетібай кеніштеріндегі мұнай өндірісіне құрылыс-жөндеу, монтаждау қызметтерін көрсетеді. Онда жұмыс істейтін 2000-нан астам адамның 1611-і осы ОСС тәуелсіз кәсіподақ ұйымының мүшесі. ОСС тәуелсіз кәсіподағы көп кедергіден соң былтырғы желтоқсанда Маңғыстау облыстық заң департаментінен тіркеуден өткен. Компанияның 400-ден астам мұнайшысы республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап етіп қаңтардың 5-сінен бері аштық жариялап жатыр. Олардың қатарын 15 қаңтарда жаңа мұнайшылар тобы келіп толықтырды. Жүзге жуық ОСС мұнайшысы 5 қаңтарда Ақтау әкімдігіне аштық жариялайтындарын ескертіп арыз берген.

XS
SM
MD
LG