Accessibility links

Ресей Сноуденге елде тұруға берген рұқсатын екі жылға ұзартты


Эдвард Сноуден, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері
Эдвард Сноуден, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері

Ресей билігі АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің елде тұруына берген рұқсатын екі жылға ұзартты. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Facebook-те хабарлады.

Бұған дейін АҚШ Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директорының бұрынғы орынбасары Майкл Морелла Сноуденді эксрадициялау АҚш президенті болып сайланған Дональд Трамптың "инаугурациясына тамаша сыйлық болатынын" мәлімдеген. Захарова Морелланың ұсынысын "сатқындық идеологиясы" деп атады.

Эдвард Сноуден әр жылдары ЦРУ-мен және АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігімен жұмыс істескен. 2013 жылы Сноуден журналистерге құпия құжаттарды берген. Құжаттарда америкалық арнайы қызметтің түрлі елдердің азаматтарын аңдығаны туралы мәліметтер болған. Сноуден соттан жасырынып, әуелі Гонконгке, кейін Ресейге қашып барған. Рсеей оған уақытша тұруға рұқсат берген.

АҚШ билігі Сноуденді мемлекет мүлкін жымқырды, қорғаныс құпиясына жататын ақпаратты заңсыз пайдаланды және мемлекеттік құпия мәліметтерді әдейі әшкереледі деп айыптайды.

Әлемде миллионнан астам адам АҚШ-тың қызметінен кетіп бара жатқан президенті Барак Обаманы Сноуденге рақымдық жасауға шақыратын петицияға қол қойған. Обама бұған дейін бұл үшін Сноуден АҚШ сотына тартылуы тиіс деген.

Кеше Барак Обама WikiLeaks-ке АҚШ барлау қызметінің құпия құжаттарын бергені үшін сотталған Челси Мэннингтің жазасын жеңілдеткен. Енді ол мамыр айында бостандыққа шықпақ.

Сноуден Twitter-де Мэннигке жасаған ісі үшін, ал Обамаға рақымшылық танытқаны үшін алғыс білдірді.

XS
SM
MD
LG