Оңтүстік Қазақстан облысындағы 839 елді мекеннің 236-сына орталықтандырылған ауыз су құбыры, 16-сына орталықтандырылған электр қуаты тартылмаған, 149 елді мекенге тартылған электр жүйесінің сапасы нашар. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым хабарлады.
Басқарма басшысының сөзінше, 839 елді мекенде тұратын халық саны әртүрлі, экономикалық әлеуетіне байланысты жік-жікке бөлінеді. Бұл елді мекендердің тізіміне шалғайда 15-20 үйден тұратын елді мекендер де кіреді. Марайымның айтуына қарағанда, оларға орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту тиімсіз.
- Облыста тұтынылатын электр қуатының 70 пайызы шеттен тасымалданады. Аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын шалғайдағы 16 елді мекенге орталықтандырылған электр қуаты тартылмаған. 149 елді мекендегі электр энергиясының сапасы тиісті деңгейден төмен, - дейді Марғұлан Марайым.