Accessibility links

Боқаев пен Аян сотқа қатысудан бас тартты


Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымын қарастырып жатқан сот отырысы. Атырау, 16 қаңтар 2017 жыл. Көрнекі сурет
Макс Боқаев пен Талғат Аянның апелляциялық шағымын қарастырып жатқан сот отырысы. Атырау, 16 қаңтар 2017 жыл. Көрнекі сурет

Атырау облыстық сотында азаматтық беленділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты апелляциялық сот адвокаттардың қорғау сөзін тыңдай бастады. Сотталушылар "әділетсіз өтіп жатыр" деп санап, сот отырысына онлайн режимде қатысудан бас тартты.

Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аяновтың Азаттыққа мәлімдеуінше, сот басталғаннан бері 20-дан астам өтініш жасалғанымен олардың ешқайсысы қанағаттандырылмаған.

- Біз соттың бірінші инстанциясында қабылданбаған өтініштерімізді қайта ұсындық. Халықаралық ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылар қорытындысын іске тіркеуді сұрадық. Қабылданбады, - деді Төлепқали Аянов.

Ол түстен кейін сағат 16.00-де жалғасқан сот отырысында адвокаттардың қорғау сөзіне көшкенін, өзінің жартылай мәлімдеме жасап үлгергенін айтты.

Түстен кейінгі сот отырысына Атыраудың 157/1 уақытша қамау изоляторында отырған сотталушылар онлайн байланыс арқылы қатыспай қойды. Судьялар қолына Боқаев пен Аян туралы материал жарық көрген газетті ұстап отырған сотқа қатысушы азаматтық белсенді Әсел Мақсоттан сот залынан шығып кетуін талап еткен. Боқаев пен Аян осы жағдайға наразылық танытты.

- Сот залындағылардың қолдауымен мені сот залында қалдырды. Ал Макс пен Талғат бұны "адам құқығын көпе-көрінеу бұзу" деп атап, "Скайп" арқылы отырысқа қатысудан бас тартты, - деді Әсел Мақсоттың өзі Азаттыққа.

Сот отырысы ашық деп жарияланғанымен журналистерге сот процесінде де, үзіліс кезінде де фото-видео түсірілім жасауға тыйым салынған.

Адвокат Төлепқали Аянов сотталушылардың сот процесіне қатысудан мүлдем бас тартқанын айтты.

- Олар енді сот процесіне қатыспайтын болды. "Соттың әділетсіз өтетіні бізге белгілі" деп отыр, - дейді адвокат Аянов.

Сот процесі 19 қаңтарда сағат 10-да Атырау облыстық сотында ары қарай жалғасатын болды.

Былтырғы сәуірдегі жерге қатысты митингтен соң қамауға алынған атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аяннның апелляциялық сот процесі Атырауда 16 қаңтарда басталған.

Үш соттан құралған апелляциялық сот алқасына Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрайымы Тәтті Уәлиева жетекшілік етіп отыр.

2016 жылғы 28 қарашада №2 Атырау қалалық қылмыстық соты азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды «әлеуметтік алауыздық тудырды», «әдейі жалған ақпарат таратып», «митинг өткізу заңдарын бұзды» деп айыптап әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айырған еді. Бұған қоса сот оларды 560 мың теңге айыппұл мен сараптама жасауға кеткен 259 мың теңгені де өндіруге міндеттеген. Сотталушылардың өздері айыптарын мойындаған жоқ. Екі азаматтық белсенді 2016 жылғы сәуір айында Атырауда үкіметтің жер реформасына қатысты жаппай халық толқуы өткен кезде көзге түскен болатын.

XS
SM
MD
LG