Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловқа қатысты тексеру жүргізетінін хабарлады. ОСК ақпаратына қарағанда, 18 қаңтарда сайлау комиссиясы 365info.kz порталында жарияланған "Табысты" депутат Жамалов Қазақастан парламентінен кетуі мүмкін" деп аталатын мақалада келтірілген фактілер бойынша тыңдау өткізген.
Тыңдауда ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтың хабарламасы мен депутат Аманжан Жамаловтың түсініктемесі тыңдалған.
ОСК конституцияның 52-бабы 6-тармағына сай комиссия мүшелері Марат Сәрсембаев пен Ләззат Сүлейменге Жамаловқа қатысты тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 24 қаңтарда есеп беруді тапсырған.
Мақалада Аманжан Жамаловтың "Орал қаласындағы екі фирманың құрылтайшысы екені", оның бірі бірнеше жылдан бері бюджетке салық төлемегені айтылған.