Accessibility links

Сарыағаштық журналист рақымшылық заңымен босатылды


Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.
Журналист әрі белсенді Амангелді Батырбеков. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласы, 21 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық №2 соты Сарыағаш ауданында бұған дейін бір рет сотталған белсенді Амангелді Батырбековтің ісі бойынша үкім оқыды. Жәбірленуші, аудандық прокурор Нұрлан Сапаров мақала жазғаны үшін айыптаған журналист рақымшылық заңымен сот залынан босатылды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында журналист әрі "Сарыағаш-Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековтің үстінен қылмыстық кодекстің 411 ("Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу") және 419-баптары ("Көрiнеу жалған сөз жеткiзу") бойынша айыптар тағылған.

№2 соттың төрағасы Нұрбол Ешпанов белсенді Амангелді Батырбековты 411 бап бойынша айыпты деп танып, 419 бап бойынша ақтады.

"411-баптың 3-бөлігімен айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бұған дейін қамалғаны ескеріліп, түпкілікті 1 жыл 6 ай 19 күнге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылық заңымен сот залынан толығымен босатылды. 419-баптың 3-бөлігімен ақталды" дейді Азаттыққа Нұрбол Ешпанов.

Батырбековтің жергілікті басылымда жариялаған мақаласындағы өзі жайлы пікірлерге наразы болып, оны "маған жала жабу" деп таныған жәбірленуші, Сарыағаш аудандық прокурорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Сапаров бұл іс туралы қандай да бір коментарий бергісі келмейтінін айтты. Ол бұдан бұрын Азаттыққа "сот процесін күтемін, сот әділ шешім шығарады" деп үміттенетінін айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG