АҚШ билігі Кубадағы Гуантанамо әскери базасының түрмесінде отырған тағы төрт тұтқынды босатып, басқа елдерге жібергенін хабарлады. Бұл - қызметінен кетіп бара жатқан АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігінің Гуантанамодан босатқан соңғы тұтқындары болуы мүмкін. Осымен түрмедегі тұтқындар саны 41 адамға дейін азайды.
Сегіз жыл бұрын Обама қызметіне кіріскенде Гуантанамо түрмесін жабуға уәде берген. Обама президент қызметінің соңғы жұмыс күні конгреске хат жолдап, конгресмендерді түрмені жабуға кедергі келтірді деп сынады.
"Конгрес бұл түрмені сақтауды қорғап табандап тұрып алғанда саяси мақсаттан өзге себеп келтіре алмады" деп жазды Обама хатында.
20 қаңтарда қызметіне кірісетін АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Гуантанамодағы тұтқындарды босатып, басқа елдерге жіберуді тоқтату қажет деп мәлімдеген. Ол сонымен қатар түрмедегі терроризмге қатысты айыпталған тұтқындар санын арттыруға уәде берген.