Accessibility links

Министрлік: Елдегі жылу қазандықтарына әкімдіктер жауапты


Шахандағы құлаған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2016 жыл.
Шахандағы құлаған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2016 жыл.

Мәжілісте "Нұр Отан" партиясы фракциясының отырысында депутаттар инвестиция және даму министрлігіне қарасты құрылыс ісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовке Шахан кентіндегі бес қабатты үйдегі қазандық жарылысы туралы айтып, тұтас елдегі мұндай үйлердің қауіпсіздігі қандай деген сұрақ қойды. Комитет төрағасы елде қуаты шағын 6,5 мың жылу қазандығы барын, оларды қадағалау функциясы әкімдіктерге берілгенін айтты.

- Біздің дерегімізше, Қарағанды облысына (жылу құбырларын жөндеу және салу үшін -ред.) 2 миллиард 700 миллион теңге қажет. Олар (облыс әкімдігі) 2015 жылы аймақтарды дамыту бағдарламасына өтініш білдірген. Бірақ мораторий жарияланған соң трансферт жасалмады. Одан кейін олар "Нұрлы жол" бағдарламасына жүгінді. Бұл бағдарлама талабы бойынша қаржы қайтуы тиіс. Қарыз алушы әкімдік, негізгі борышкер табиғи монополия субъектісі болуы керек. Ол жақта ондай субъектілер құрылмаған. Онда жеке меншіктер отыр. Әрқайсысы өзіне (қазандық) орнатып алған, - деді Мархабат Жайымбетов.

Оның сөзінше, Қарағанды облысында 2 миллиард 700 миллион теңгеге 30 гекоколория жылу беретін қазандық салынып, 20 километр жылу құбыры тартылуы тиіс болатын.

Жайымбетов сонымен қатар елде алты жарым мың шағын жылу қазандығы барын айтты.

- Олардың қауіпсіздігі мен қадағалау сияқты үлкен мәселелер бар. 2014 жылы қауіпсіздікті қадағалауды әкімдікке тапсырғанда барлық мәселе бірдей шешілмеді. Қазір осы жағымен айналысып жатырмыз, - деді комитет төрағасы.

Қаңтардың 1-і күні Қарағанды облысы Шахан кентінде бес қабатты үйдің бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапқан. Үй 1987 жылы салынған. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың үкімет отырысында айтқан дерегінше, құлаған 10 пәтері бар подъезде 25 адам тұрған. Ал жазатайым оқиға жылу жүйесі қазандығының жарылу кесірінен болған.

XS
SM
MD
LG