Accessibility links

Ғабдуллиннің ісі бойынша жарыссөз кейінге қалдырылды


Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.
Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.

Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің қылмыстық ісі бойынша сот процесінде тараптардың жарыссөзі 23 қаңтарға қалдырылды. Астана қалалық сотының баспасөз қызметі сот отырысы Ғабдуллиннің адвокатының өтініші бойынша кейінге қалдырылған. Ғабдуллинге "мемлекеттік органдар мен олардың басшыларынан ақша бопсалады" деген айып тағылған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын 2016 жылы 15 қарашада хабарлаған. Бюро таратқан ақпарат бойынша, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған".

11 қаңтарда соттың алдын ала тыңдауында адвокат Аманжан Мұхамедияров сотта Бигелді Ғабдуллиннің "қылмысын мойындап, өкінгенін", "мемлекеттік тапсырыс алу үшін бопсалап тапқан барлық қаржысын қайтарғанын" мәлімдеген.

Ғабдуллиннің ісі бойынша негізгі сот тыңдауы 17 қаңтарда Астанадағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында басталған. Журналистерге аудио, видео жазба жасауға, суретке түсіруге жарыссөз бен үкім жарияланатын кезде ғана рұқсат берілген.

XS
SM
MD
LG