Accessibility links

Дамаск: ИМ Пальмирадағы ежелгі тетрапилонды қиратты


Пальмирадағы ежелгі Рим империясы кезеңінде салынған амфитеатр, Сирия.
Пальмирадағы ежелгі Рим империясы кезеңінде салынған амфитеатр, Сирия.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы Сирияның тарихи Пальмира қаласындағы Рим империясы заманына жататын әйгілі тетрапилон мен амфитеатрды қиратты деп хабарлады Сирия мемлекеттік агенттігі.

SANA агенттігінің 20 қаңтарда таратқан ақпаратына қарағанда, содырлар 16 бағанадан тұратын тетрапилон мен екінші ғасырда салынған амфитеатрдың қасбетін қиратқан. Сирияның ежелгі мұралар жөніндегі қызметінің басшысы Маамун Абдулкаримның айтуынша, тарихи нысандар 10 күн бұрын қиратылған.

"Кеше біз Бостон университетіндегі әріптестерімізден спутниктен түсірілген, амфитеатрдың қасбетінің қирағаны бейнеленген суреттер алдық" деді Абдулкарим France Press агенттігіне.

Үкімет әскері мен оның одақтастары Пальмираны ИМ-нен өткен жылы көктемде азат еткен еді. Бірақ желтоқсан айында ИМ содырлары Пальмираны үкімет күштерінен қайта тартып алған.

ИМ Пальмираны алғаш 2015 жылы мамырда басып алған. ИМ содан бері қаладан тықсырылып шығарылғанша ондағы бірталай тарихи ескерткіштерді қиратқан.

XS
SM
MD
LG