Accessibility links

Ақтауда Азаттық тілшісін полицияға жеткізіп, қайтадан босатты


Маңғыстау облысындағы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге 2017 жылғы қаңтардың 21-і күні полиция өкілі тапсырған шақырту қағазы.
Маңғыстау облысындағы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге 2017 жылғы қаңтардың 21-і күні полиция өкілі тапсырған шақырту қағазы.

Маңғыстау облысындағы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді бүгін полиция қызметкерлері облыстық ішкі істер департаментіне жеткізген соң, себебін түсіндірместен қайтадан босатқан.

Ақтаудағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподағының кеңсесінде екі апта бойы жалғасып жатқан жұмысшылар наразылық акциясынан хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісіне сенбі күні полиция өкілдері шақырту қағазын тапсырған. "Сәния Тойкеннің қаңтардың 21-і күні қалалық ішкі істер басқармасына №154700011000009 қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақырылатыны" туралы жазылған әлгі құжатта А.Көбегенов деген адамның қолы қойылған.

Полиция қызметкерлері Сәния Тойкенді Маңғыстау облыстық ішкі департаментіне жеткізген соң, кіреберісте оларға жолыққан полиция шенеунігі өзін «полиция полковнигі Абасовпын» деп таныстырған. Әлгі адам Тойкеннің аты-жөні мен кәсібін сұрап, анықтаған соң полицейлерге: "Мұнда неге әкелдіңдер, жылдам апарып тастаңдар!" деп бұйрық берген.

Өзін ішкі істер мекемесіне тергеуші қандай қылмыстық іс бойынша шақыртқанын білгісі келетінін айтқан журналистің өтінішіне қарамастан, полиция өкілдері Сәния Тойкенді қайтадан көлікке салып, Ақтаудағы пәтеріне жеткізген.

Бұған дейін сенбі күні таңертең Ақтаудағы ОСС компаниясы кәсіподағының кеңсесінде екі апта бойы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылуына қарсылық білдіріп, аштық жариялап жатқан жұмысшыларға да полиция өкілдері ішкі істер басқармасына шақырту қағазын тапсырмақ болған еді. Бірақ онда не үшін шақыртылатыны көрсетілмегендіктен жұмысшылар полицияға барудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG