Accessibility links

Ақтаудағы аштық жариялағандар ОСС кәсіподағы кеңсесінен кетті


Аштық жариялаған ОСС компаниясы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған ОСС компаниясы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Ақтауда қаңтардың 5-інен бері Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап етіп аштық жариялап жатқан жұмысшылар сенбі күні Oil Construction Company (ОСС) компаниясының кәсіподағы кеңсесінен кетті. Наразы жұмысшылар бүгін таңертең оларға барған қала прокуроры Марат Тойжанның «мемлекетке қарсы шығып отырсыңдар» деген сөзін айыптау ретінде қабылдағанын және онымен келіспейтіндерін мәлімдеп, кәсіподақ кеңсесін босату туралы ұйғарымға келгендерін айтады. Кеңседе қалуды ұйғарған екі мұнайшының сөзінше, полиция қоқан-лоққы жасай бастағаннан кейін сенбі күні түстен кейін олар да кеңседен кеткен.

Қаңтардың 21-і күні таңертең ОСС кәсіподақ ұйымы кеңсесіне Ақтау қаласы прокуроры Марат Тойжан, жергілікті полиция қызметінің бастығы подполковник Омар Тасқынбаев және бірнеше полиция қызметкері барып, олардан кеңсесін босатуды талап еткен. Наразылық акциясына қатысушылар билік өкілдерінің сөзін жиналғандар ескерту ретінде қабылдады.

- Прокурор бізді «мемлекетке қарсы шығып отырсыңдар» деп айыптады. Біз өзіміздің мемлекетке қарсы еместігімізді дәлелдеу үшін кәсіподақ кеңсесін босаттық. Біз аштық акциясын тоқтатпаймыз, - деді Азаттыққа жұмысшылардың бірі Алқабай Ықыласұлы.

Оның сөзін қоштаған мұнайшылар кәсіподақ конфедерациясын тіркеу туралы талаптарына енді жұма күні полиция ұстап әкеткен OCC компаниясы кәсіподақ ұйымы төрағасы Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты босату туралы талап қосылатынын айтты. Ақтау прокуроры Марат Тойжан мұнайшыларға «Елеусінов пен Құшақбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, екеуін Астанаға ішкі істер министрлігіне алып кетті» деп мәлімдеген.

Бұл уақытта Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі ОСС компаниясы жұмысшылары наразылық акциясын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін бүгін таңертең Ақтаудағы ОСС компаниясы кәсіподағының кеңсесінде наразылық танытып жатқан жұмысшыларға полиция өкілдері ішкі істер басқармасына шақырту қағазын тапсырмақ болған еді. Бірақ онда не үшін шақыртылатыны көрсетілмегендіктен жұмысшылар оны алудан бас тартқан.

Мұнай саласына қызмет көрсететін OCC компаниясы жұмысшылары ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын өткізіп жатқанына екі аптадан асты. Олар құрамына өздерінің кәсіподақ ұйымы енетін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылуына қарсы. Қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан конфедерацияны "заңмен белгіленген мерзімде жергілікті филиалдарын тіркеуден өткізбегені" үшін жабу туралы шешімін жариялаған болатын.

XS
SM
MD
LG