Сенбі күні АҚШ астанасында "Вашингтонға әйелдер маршы" акциясына жүздеген мың адам қатысты.
Вашингтондағы адам құқықтарын қорғауды көздейтін жаппай шеруге азаматтық белсенділер, саясаткерлер, құқық қорғаушылар, мәдениет қайраткерлері мен шоу-бизнес жұлдыздары және қатардағы азаматтар қатысты. Олар АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың президенттік сайлауалды кампаниясы кезінде әйелдер, иммигранттар мен әлеуметтік азшылық топтар туралы айтқан сөздеріне наразылық білдірді.
Дональд Трамп президент қызметіне кіріскен алғашқы күні өткен наразылық акциясына әлем бойынша жүздеген мың адам – ерлер мен әйелдер – қолдау білдіріп, шеруге шықты. Барселона, Братислава, Лондон, Париж, Приштина, Сидней, Тбилиси және басқа қалаларда өткен жаппай шеруді ұйымдастырушылар арасында өзгелермен бірге солшылдар партиялары, феминистік ұйымдар мен жасылдар қозғалысы белсенділері бар. Олар әйелдер құқығы, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы әлеуметтік топтардың теңдігі тәрізді өзекті мәселелерді көтерді.