Accessibility links

БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Астанаға келді


БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура.
БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура.

БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура Қазақстан астанасына келді деп хабарлады бүгін жергілікті баспасөз агенттіктері. Ол дүйсенбі күні Қазақстан астанасында өтеді деп жоспарланған Сирия жанжалын реттеуге қатысты бейбіт келіссөздерге қатыспақ.

Бұған дейін Астанаға Сирия жайлы келіссөздерге қатысатын Иран, Ресей және Түркия өкілдері келгені хабарланған. Бұл үш ел Сирия келіссөздерін Астанада өткізуге қолдау білдірген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сирия жөніндегі келіссөздер дүйсенбі күні Астанадағы Rixos President Astana жабық есік жағдайында өтетіні туралы хабарлады.

«Келіссөздер қаңтардың 23-і күні Астана уақытымен сағат 13:00-де басталып, қаңтардың 24-і күні сағат 13:00-де (болжаммен) аяқталады» делінген министрлік сайтындағы ақпаратта.

Сенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті Астанадағы кездесуге АҚШ-тан делегация келмейтыны, оған тек Қазақстандағы АҚШ елшісі қатысатыны туралы мәлімдеген.

Қаңтардың 20-сы күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Қазақстан астанасында өтпекші Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздерге қолдау танытқан, сонымен бірге Астанадағы кездесу осы кезге шейін БҰҰ аясында өтіп келе жатқан келіссөздерге бөгет болмайды деп сенетінін білдірген.

XS
SM
MD
LG