Accessibility links

Мұнайшылар сотында Азаттық тілшісіне блокнотқа жазуға да тыйым салды


Oil Construction Company жұмысшылары сотта отыр. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы, 23 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облысының Маңғыстау аудандық сотында Oil Construction Company (OCC) жұмысшыларының үстінен өтіп жатқан сотта Азаттық тілшісіне қандай да бір мәліметті жазып алуға, оның ішінде блокнотына жазбаны түртіп алуға да тыйым салынды. Бұған дейін Азаттық тілшісі сот залынан тікелей трансляция жасаған кезде Маңғыстау аудандық сотының судьясы Жасұлан Сәлиев видео түсіру мен смартфон қолдану уақытын шектеген.

Судья Сәлиев сот приставы Азаттық тілшісіне ескерту жасап, оның смартфонға мәтін жазып жатқанына судьяның назарын аударған соң қағазға кез-келген мәліметті түртіп алуға да тыйым салды. Бұдан соң судья смартфонды өзінің келісімімен ғана қолдануға болатынын мәлімдеді. Тілші смартфонмен видеоға түсірмейтінін айтқанымен, судья онымен "тіпті мәтін жазуға да болмайтынын" жеткізді. Тілші сосын "Қаламмен блокнотқа жазуға бола ма?" деп сұраған. Судья оған да тыйым салатынын айтты.

Сотта БАҚ өкілдерінен Азаттық тілшісі ғана қатысып отыр.

OCC компаниясының Қаламқас кенішіндегі 27 жұмысшысы сотқа олар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп аштық жариялаған соң тартылып отыр. OCC оларды "аштық жариялауды ұйымдастырып, үгіттеді" деп айыптайды. Компания сонымен қатар соттан жұмысшылардан 6-22 қаңтар аралығында "аштық жариялап, астан бас тартқаны салдарынан" келген шығын ретінде 3,3 миллион теңге өндіріп беруді талап етеді. Шағымданушы жұмысшыларды жұмыс берушінің акция өткізу тәртібі туралы актісін орындауға міндеттеуді және аштық акциясын заңсыз деп тануды талап етеді.

Бүгін бұдан бұрын жауапкерлер Жасұлан Сәлиевке қарсылық білдірді. Бұдан соң үзіліс жарияланып, үзілістен кейін қайтып келген судья Сәлиев қарсылық қанағаттандырылмайтынын мәлімдеді. Ол сот жарыссөз кезеңіне өтетінін айтып, онда прокурор сөйледі. Жұмысшылар сотқа қатысудан бас тартып, сотта қайтадан үзіліс жарияланды.

Судья Жасұлан Сәлиев Маңғыстау облысының Шетпе кентінде өтетін, Қаламқас кенішіндегі аштық жариялаған басқа 14 жұмысшының ісін қарайды деп күтіліп отыр. Оларға қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Жұмысшыларды сотқа облыстық ішкі істер департаментінде "аштық жариялау себептері туралы" түсініктеме алған соң жеткізген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG