Accessibility links

Майк Помпео ЦРУ басшысы болып бекіді


Майк Помпео, АҚШ Орталық барлау басқармасының жаңа басшысы. Вашингтон, 23 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ сенаты 53 жастағы Майк Помпеоны Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры етіп бекітті. Конгрестің өкілдер палатасына Канзас штатынан сайланған республикашыл Помпеоның кандидатурасын 66 сенатор қолдап, 32 сенатор қарсы дауыс берді.

Помпео ЦРУ-ды халықаралық жағдай Ресей мен Қытайдың басқыншылық іс-қимылдарынан, Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ие болу пиғылы мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының пайда болуынан шиеленіскен тұста басқарайын деп отыр.

Америкалық ақпарат құралдары ЦРУ-дың жаңа басшысына тағы бір қиын міндет - Трамп пен барлау қызметі қоғамдастығы арасында дұрыс қарым-қатынас орнату да жүктелетінін айтады. Дональд Трамп президент болып сайланған соң-ақ күн сайын оған арналған барлау брифингілері басталған. Бірақ Трамп оларға бармады. Трамп сонымен қатар арнайы қызметтің Ресей өзіне сайлау кампаниясы кезінде көмектесті деген тұжырымын жоққа шығарып, тіпті оларды өзінің президент ретіндегі беделіне нұқсан келтіріп қараламақ деп айыптаған.

"Мен барлау қоғамдастығының ресейлік хакерлер көбінесе Трамптың сайлау кампаниясына көмектеспек болған деген пікірін қолдаймын" деді Помпео сенатта өткен тыңдауда. Ол сонымен қатар өз бастығы аяқ астынан террористерден жауап алуда оларды суға батырғандай етіп тергеу амалдарын қайта бастауға бұйрық берсе, орындаудан бас тартатынын айтқан. АҚШ-тағы қолданыстағы заң бойынша, тұтқындарды тергеудің мұндай түрлері азаптауға жатады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG