Accessibility links

Ұлттық банк "Халық банк" пен "Казкоммерцбанктің" мәмілесіне түсінік берді


Алматыдағы ұлттық банк ғимараты (Көрнекі сурет).
Алматыдағы ұлттық банк ғимараты (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық банкі бірігу процесіне қатысып жатқан банктің шағын акционерлерінің құқығының сақталуына мониторинг жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ұлттық банк баспасөз қызметінің бүгін таратқан мәлімдемесінде банк "Казкоммерцбанк" пен "Халық банк" арасындағы келіссөз басталғанынан хабардар екені айтылады.

Өткен аптада "Халық банк" "Казкоммерцбанкпен" және оның ірі акционері Кеңес Рақышевпен мәміле бойынша алдын ала келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған. Банк ақпаратына қарағанда, әзірге мәміле шарттары туралы айтуға ерте. Екі банктің бір банкке бірігуді талқылап жатқаны туралы ақпарат құралдарында алғаш өткен жылдың қараша айында хабарланған. Ол кезде банктердің басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Жергілікті агенттіктердің Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковке сілтеме жасап хабарлауынша, "банк секторының бірігу тенденциясы Қазақстанға да тән". Оның сөзіне қарағанда, бұл тенденция қаржы нарықтарының ғаламдануымен және интеграциялық процестердің күшеюімен байланысты. Ұлттық банк мәлімдемесінде "Халық банк" пен "Казкоммерцбанк" талқылап жатқан мәміленің "уақытпен шектелмегені" айтылады.

Желтоқсанда "Казкоммерцбанк" Ұлттық банкпен және үкіметпен арнайы көмек қаржы алу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын терістеген.

XS
SM
MD
LG