Accessibility links

БҚО: Сот Оңдағановты жер телімінен айырды


Мүсілім Оңдағанов, Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы.
Мүсілім Оңдағанов, Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы.

Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы бүгін Орал қалалық сотының Орал әкімінің бұрынғы орынбасары, коррупция айыбымен сотталған Мүсілім Оңдағановты "өз бетімен басып алған" жер телімінен айыру туралы шешімін өзгеріссіз қалдарды. Сот бұрынғы шенеунікті тартып алатын жеріндегі құрылысты сүруге міндеттеді.

Былтырғы тамыз айында Орал қаласының әкімдігі Оңдағановтың үстінен жер телімінен айыру туралы азаматтық шағым түсірген. Билік бұрынғы шенеунік мемлекеттің жерін "қоршау, құрылыс пен гараж салып" басып алған дейді. Шағымда Оңдағановтың үйі мен шаруашылық құрылыс нысандары салынған 20 сотық жер телімінің жанындағы 10 сотықтан сәл асатын жер телімін қайтару сұралған. Жер телімі Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс паркінің жанындағы табиғаты тамаша ауданда орналасқан.

Соттың бірінші инстанциясының шешімінде жерді 2005 жылы сатып алған Оңдағанов "заң бұзушылық анықталса, қоршауды бұзуға келісетіні" айтылған. 2016 жылы 26 қазанда қалалық №2 соттың судьясы Арман Назаров әкімдіктің шағымын қанағаттандырып, Оңдағановты жер телімінен айыруға және ондағы құрылысты сүруге шешім шығарған.

Бүгінгі апелляциялық сот судьялары Тұрсын Оразов, Әлібек Ахметов және Зәуреш Қиясова қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Облыстық соттың шешіміне түсінік берген Оңдағановтың әйелі Ләззат Отарбаева сот шешіміне шағымдануы екіталай екенін, себебі шағымданудан пайда жоқ деп санайтынын айтты.

2014 жылы ақпанда Оралдың бұрынғы әкімі, Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағанов пен оның үш қызметкері жемқорлық ісімен сотталған. Оңдағановқа "аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деген айыппен 12 жыл түрме жазасы кесілген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG