Accessibility links

Алматы облысындағы ағайынды үш адамның өліміне қатысты үкім өзгермеді


Алматы облыстық соты (Көрнекі сурет).
Алматы облыстық соты (Көрнекі сурет).

Алматы облысында мал сатумен айналысқан ағайынды үш адамның өліміне қатысты сотталғандардың үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қарасай аудандық соты өткен жылы қарашада Талғат Сүлейменовке өмір бойы бас бостандығынан айыру, Мұрат Оңалбаевқа 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Оларға бірнеше бап бойынша, оның ішінде "кісі өлтірді" деген айып тағылған. Бұл іс бойынша сотқа тартылған Бақыт Байқасымов "қылмыс туралы хабарламады" деген айыппен төрт жылға сотталған.

Алматы облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық соттың сот алқасы Сүлейменов пен Оңалбаевтың үкімге берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Көксу ауданының тұрғындары, жеті жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген оралман үш азамат - Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан 2016 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға келген соң жоғалып, бірнеше күннен соң сүйектері табылған.

Ағайынды кісілердің өлімі қоғамда наразылық тудырып, қыркүйекте ондаған адам кісі өліміне кінәлілерді табуды талап етіп, полиция ғимараты маңына жиналған. Кейін полиция екі күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сол жылы 27 қыркүйекте ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа үш кісінің өлімін тергеу барысын бақылауға алуды тапсырған.

Алматы облысы Қарасай аудандық соты үш азаматтың қазасына байланысты бірнеше адамды соттап, олардан марқұмдардың әрқайсысының отбасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуді міндеттеген.

XS
SM
MD
LG