Accessibility links

Президент Назарбаев билік өкілеттіктерін бөлу туралы үндеу жасады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үндеу айтып отыр. Астана, 25 қаңтар 2017 жыл. (Видеодан скриншот)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үндеу айтып отыр. Астана, 25 қаңтар 2017 жыл. (Видеодан скриншот)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде телеарна арқылы үндеу жасады.

Президент Назарбаев "Қазақстан үшін аса маңызды, тағдырлы мәселе" ретінде конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу жайын ұсынатынын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттің басқару жүйесін жаңғырту екі бағытта өтпек.

Әуелі президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі.

"Сонда бұл салаға үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді үкімет қазіргі парламенттің сессияның аяғына дейін парламентке енгізуі тиіс" дейді президент Назарбаев.

Екінші бағыт билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету, осы реформаның аясында үкіметті жасақтаудағы парламенттің рөлін күшейту.

"Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді" дейді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде құрылған жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлейді.

XS
SM
MD
LG