Accessibility links

ҮЕҰ: "Әблязовтің серігін Түркияда ұрлап әкетті"


Sabiha Gokcen әуежайындағы ұшақ. Көрнекі сурет
Sabiha Gokcen әуежайындағы ұшақ. Көрнекі сурет

Open Dialog ұйымы 25 қаңтарда арнайы мәлімдеме таратып, қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтің серігі Жақсылық Жарымбетовтің Түркияда жүрген жерінен "ұрланғанын" хабарлады. Польшада орналасқан құқық қорғау ұйымы Жарымбетовтің әйелі Ақмарал Жарымбетоваға сілтеме жасай отырып, бұрынғы банкирдің 17 қаңтар күні Стамбулдағы Sabiha Gokcen әуежайында "еш негізсіз ұсталғанын", "түрік билігінің оған адвокат шақыруға мұрша бермегенін", "кейін оған жалған төлқұжат жасау айыбы туралы хабарлағанын" жазды.

Open Dialog-тың мәлімдемесіне сәйкес "21 қаңтарда Қазақстанның арнайы қызметі Жарымбетовті Түркиядан чартер ұшақпен сыртқа алып шыққан". Әйелінің сөзінше, Жарымбетов оған бір мәрте телефон соғып, "үшінші бір елдемін" деп айтып үлгерген. Түркия мен Қазақстанның тиісті органдарынан әзірше комментарий алу мүмкін болмады.

Бұған дейін Астана Мұхтар Әблязовтің туыстары мен жақтастарына осыған ұқсас айыптар тағып, әйелі мен қызын Италиядан чартер ұшақпен Қазақстанға күшпен алдырған жайттар болған. Жақсылық Жарымбетов - Мұхтар Әблязов басқарған тұста БТА Банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Қазақстан билігі Әблязовпен қатар оны да "қаржылық алаяқтық жасады" деп айыптайды. Жарымбетов те, Әблязов те бұл айыптауларды мойындамайды, "саяси астары бар" деп біледі. Open Dialog-тың хабарлауынша, Жарымбетовке "Ұлыбритания саяси баспана берген". Кезінде Ұлыбританиядан саяси баспана алған Әблязов БТА-мен соттасу барысында Францияда бой тасалап, кейін тұтқындалып, былтырғы желтоқсанда осы елдің мемлекеттік кеңесінің шешімімен босатылған еді.

XS
SM
MD
LG