Accessibility links

Мирзияев Каримовты мәңгі есте қалдыруға өкім берді


Шавкат Мирзияев президент ретінде ант беру кезінде. Ташкент, 14 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 25 қаңтарда елдің алғашқы президенті Ислам Каримовты мәңгі есте қалдыру туралы қаулы шығарды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы.

Қаулы бойынша, Өзбекстанда бірнеше мекеме мен нысанға, оның ішінде Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне, Асактағы көлік құрастыру зауытына, Ферғанадағы Өнер сарайына, Ташкенттегі халықаралық әуежайға, Қарақалпақстан, Ташкент пен бірнеше қалалардағы орталық көшелерге Каримовтың есімі берілмек. Құжатта сонымен қатар Самарқанда Ислам Каримов жерленген жерге мемориалды кешен тұрғызылатыны айтылған.

Өткен жылдың соңында Өзбекстан билігі Каримовке ескреткіш тұрғызуға конкурс жарияланған. Оның қорытындысы бойынша Ташкентте, Каримов туып-өскен Самарқанда, Қашқадария облысының жетекшісі болып қызмет істеген Карши қаласында ескерткіштер орнатылатын болған.

Мирзияевтің жаңа қаулысы бойынша, Өзбекстанда жыл сайын 30 қыркүйекте Каримовтың туған күні тойланып, 2 қыркүйек Тұңғыш президентті еске алу күні күні деп жарияланады. Өзбекстан билігі мемлекеттік БАҚ-ты Каримовты еске алумен байланысты шаралардан хабар таратуға міндеттеді.

Өзбекстанды 1989 жылдан бері 27 жылға жуық уақыт басқарған Ислам Каримов 79 жасында қайтыс болды. Оның өлімі туралы алғашқы хабар 2016 жылы 29 тамызда шықты. Каримовтың қайтыс болғаны туралы ресми түрде 2 қыркүйекте хабарланды. Каримовтың өлімінен соң президент міндетін уақытша сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев атқарып, кейін ол президент болып сайланды.

XS
SM
MD
LG