Accessibility links

Трамп Сирияда "қауіпсіздік аймағын" құру жоспарын жария етті


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің АҚШ-қа келетін мигранттар ағынын тежеу жоспары аясында Сирияда босқындарға арналған "қауіпсіз аймақ" құрмақ ниетте екенін мәлімдеді. "Сирияда адамдарға арналған қауіпсіз аймақ құрам" деді Трамп ABS News телеарнасына берген сұхбатында. Ол Еуропа Одағының (ЕО) негізінен Сириядағы азаматтық соғыстан шыққан босқындар мәселесімен күресін саралап, осындай шешім қабылдағанын айты.

"Еуропа ол миллион адамның Германия мен басқа да елдерге келуіне рұқсат беріп, үлкен қателік жасады деп санаймын" деді Трамп сұхбатында.

АҚШ президенті Cирияда "қауіпсіздік аймағын" құруды "мұсылман елдерінен шыққан босқындар мен басқа да иммигранттардан төнетін терроризм қаупіне" қарсы тұру тәсілдерінің бірі деп білетінін айтты. Америкалық БАҚ Трамп айтқан "қауіпсіздік аймағы" туралы өкім миграциялық саясатты күшейту туралы өзге де жарлықтармен бірге шығуы мүмкін дейді. Трамп кеше Сириядан келетін босқындарды тежеу және Сирия, Ирак, Иран және басқа да мұсылман елдерінен шыққандарға виза беруді тоқтататын жарлықтар шығарған.

Reuters агенттігі "қауіпсіздік аймағы" туралы жарлықтың жобасын көргенін хабарлайды. Жобада мемлекеттік департамент пен Пентагон 90 күн ішінде Сирия мен оған территорияда елін тастап, қақтығыстың тоқтауын немесе үшінші елге ауысуды күтіп жатқан сириялықтар "қауіпсіздік аймағын" құру жобасын дайындауы қажет делінген.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама мұндай шараларға АҚШ-тың Сириядағы соғысқа бұрынғыдан да киліктіреді және Сирияда әуе шабуылын жүргізіп жатқан Ресей әскерилерімен қақтығысқа ұрындыруы мүмкін деген қауіппен қарсылық танытқан.

Трамп егер жоспарланған территорияда "қауіпсіздік аймағын" құруға шешім қабылдаса Обама ойлағандай кикілжің тууы мүмкін. Бұдан өзге, "қауіпсіздік аймағындағы" азаматтарды қорғау үшін әскер кіргізу қажет болады. Бұл - Сириядағы дағдарысқа килігудің қаржылық тұрғыдан да, адам ресурсы тұрғысынан да шығынын арттырады.

XS
SM
MD
LG