Accessibility links

Душанбеде қаланың бұрынғы мэріне қатысты тергеу басталды


Махмадсаид Убайдуллоев, Душанбенің бұрынғы мэрі.
Махмадсаид Убайдуллоев, Душанбенің бұрынғы мэрі.

Тәжікстан президенті жанындағы қаржылық бақылау және коррупциямен күрес жөніндегі агенттігі Махмадсаид Убайдуллоев Душанбе мэрі болып тұрған кезде қалалық әкімшіліктегі бюджет қаржысының жымқырылуы ісін тергеуді бастады.

Агенттік жетекшісінің орынбасары Ильяс Идрисзода бүгін журналистерге тергеу қала тұрғындарының шағымы бойынша басталғанын айтты. Оның сөзінше, тергеу мэрияның тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру кезіндегі қаржы жымқырылу күдігі бойынша басталған.

Махмадсаид Убайдуллоев Душанбені соңғы 20 жыл бойы басқарған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның оны қал басшылығы қызметінен кетіру туралы жарлығы 12 қаңтарда жарияланған. Сол күні Душанбе мэрі болып Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали тағайындалған. Рустам Эмомали бұған дейін қаржылық бақылау және коррупциямен күрес агенттігін басқарған.

Махмадсаид Убайдуллоев Тәжікстан парламенті жоғарғы палатасының төрағасы, яғни елдегі президенттен кейінгі екінші ресми тұлға саналады.

XS
SM
MD
LG