Accessibility links

Аштық жариялаған мұнайшылар өкілі екі айға қамалды


OCC компаниясының наразы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
OCC компаниясының наразы жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Астана қалалық соты Oil Construction Company (OCC) компаниясының еңбек инспекторы, Маңғыстау облысындағы мұнайшылар аштығынан соң қылмыстық айып тағылып Астанаға жеткізілген Нұрбек Құшақбаевты екі ай қамауда ұстау туралы шешімді өзгертпеді.

Азаттық тілшілерін "процесс жабық өтіп жатыр" деген уәжбен залға кіргізбеді.

Нұрбек Құшақбаев қылмыстық кодекстің 402-бабы бойынша "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деп айыпталған.

ОСС компаниясының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев пен жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов өткен аптада Ақтауда ұсталып, одан кейін Астанаға әкетілген. Астанада олар қылмыстық күдікке ілініп, қамалған. Бүгінгі сотта Нұрбек Құшақбаевтың ісі ғана қаралды.

Билік өкілдері де, адвокаттары да Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусіновтің істері неге олар тұратын Ақтауда емес, Астанада қаралып жатқанын түсіндіре алмады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты босату үшін Астанаға ықпал етуге шақырған. Ұйым "Елеусінов пен Құшақбаевты қудалау мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық жариялауымен байланысты болуы мүмкін" дейді.

ОСС компаниясының мұнайшылары қаңтардың 5-сінен бастап аштық жариялаған. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған сот шешімімен бас кеңсесі Шымкентте орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы жабылғанына наразы болған. Жұмысшылар құрамына OCC кәсіподағы да кіретін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен.

Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесі мен Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі жұмыс істейтін мұнайшылар екі апта бойы тамақ ішуден бас тартқан. Олар талаптарын үкімет, билік пен «Нұр Отан» партиясы естиді деп үміттенген. Ақтау қаласының прокуроры мұнайшылардан сот шешімін орындауды талап етіп, олардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған соң наразылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан.

19-24 қаңтар аралығында 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік сотқа тартылды.Оларға 20-дан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке тең (1 АЕК – 2269 теңге) айыппұл салынып, жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеу міндеттеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG