Accessibility links

Малала Юсуфзай Трампты босқындардан бас тартпауға шақырды


Малала Юсуфзай Кенияда босқындар алдында сөйлеп тұр. 12 шілде 2016 жыл.
Малала Юсуфзай Кенияда босқындар алдында сөйлеп тұр. 12 шілде 2016 жыл.

Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Малала Юсуфзай Сирия және тағы бірнеше мұсылман елінен босқын қабылдауды уақытша тоқтату жайлы шешім қабылдаған АҚШ президенті Дональд Трампты "әлемдегі ең қорғансыз балалар мен отбасылардан" бас тартпауға шақырған.

"Президент Трамптың соғыс пен зорлық-зомбылықтан қашқан балалар, олардың ата-аналары алдында есікті тарс жауып алғаны жүрегімді ауыртты" деген ол.

19 жастағы Малаланың сөзінше, мұндай шешіммен "Америка босқындар мен эмигранттарды – осы елді құруға атсалысып, жаңа өмір бастауына мүмкіндік бергені үшін еңбек етуге даяр адамдарды әр кез қарсы алған даңқты тарихынан теріс айналып отыр".

Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан босқын қабылдауды "тиісті шешім қабылданғанға" дейін тоқтата тұру туралы жарлыққа қол қойған. Бұған қоса құжатта АҚШ өзге елдерден босқын қабылдауды 120 күнге дейін тоқтатыны айтылған.

2012 жылы Пәкістанда жас қыздарды білім алуға үндегені үшін Талибан содырлары оқ атып ауыр жаралаған Малала Юсуфзай кейін шетелде емделген. Ол 2014 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығының ең жас иегері атанған.

XS
SM
MD
LG