Accessibility links

АҚШ судьясы мұсылман елдері азаматтарын депортациялауға тоқтау салды


АҚШ президенті Дональд Трамптың мұсылмандар елдері азаматтарының келуіне тыйым салған жарлығына наразылық акциясы. Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы әуежай, 28 қаңтар 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамптың мұсылмандар елдері азаматтарының келуіне тыйым салған жарлығына наразылық акциясы. Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы әуежай, 28 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ федералдық судьясы Энн Доннели қаңтардың 28-і күні АҚШ билік орындары президент Дональд Трамптың жарлығына сай елден аластамақ болған ондаған саяхатшы мен босқынды депортациялауға тыйым салынатыны туралы бұйрық шығарған. Сот шешімінде шекарашыларға Трамптың жарлығында көрсетілген елдерден келген, қолында күшін жоймаған визасы, босқын екені қуатталған өтініштері бар азаматтар мен АҚШ-қа кіруге заңды рұқсат алған өзге де адамдарды елден кетіруге тыйым салынатыны жазылған.

Америкалық азаматтық бостандықтарды қорғау одағы (ACLU) бұл тәртіп АҚШ әуежайларында ұсталған немесе транзиттік аймақтарда отырған 200-дей адамның жағдайына әсер етеді деп мәлімдеген.

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті жаңа иммиграциялық ереже күшіне енгеннен кейін алғашқы 23 сағаттың ішінде кемінде 109 адам АҚШ-қа кіре алмағанын мәлімдеген. Мекеме таратқан мәлімдемеде шұғыл ереже әзірше қолға тимегені, бірақ кез келген жарлық тиісінше орындалатыны туралы айтылған.

Сот шешімі бұған дейін президент Дональд Трамп қол қойған, тұрғындарының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтын жеті елдің азаматтарына АҚШ-қа келуге тыйым салатын жарлық күшіне енген соң жарияланды. Жаңа жарлық АҚШ-тағы кейбір әуежайларды әбігерге салып, наразылықтың күшеюіне және бірқатар заңға қатысты проблемалардың шығуына түрткі болды.

АҚШ-ты "шетелдік терроршылардан" қорғауға уәдет еткен Трамп жұма күні жаңа қатаң тексеру тәртібі нақтыланғанша негізінен мұсылмандар тұратын жеті елден иммигранттар қабылдауды 90 күнге тоқтату туралы жарлық шығарған. Бұдан кейін бірнеше әуежайда, соның ішінде Нью-Йорктің Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайында жұрт наразылық танытқан.

XS
SM
MD
LG