Accessibility links

"Халық банк" активінің көлемі жағынан "Казкоммерцбанктен" асты


"Халық банктің" Алматыдағы бөлімшелерінің бірі (Көрнекі сурет).
"Халық банктің" Алматыдағы бөлімшелерінің бірі (Көрнекі сурет).

"Халық банк" активтерінің көлемі жағынан бірінші рет "Казкоммерцбанктен" алға шықты деп хабарланды Қазақстан Ұлттық банкі сайтында жарияланған статистикалық ақпаратта.

2017 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша, Ұлттық банктің активтері 4,89 триллион теңгені құрап, 5,2 пайызға артқан (2016 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 4,64 триллион теңге болған). "Казкоммерцбанктің" активтері желтоқсан айынан бері 6,6 пайыз - 345 миллиард теңгеге азайған. Ұлттық банк дерегінше, желтоқсан айында "Казкоммерцбанктің" активтері 5,21 триллион теңге болса, қаңтар айында 4,86 триллион теңге болған. Банк активтері деп қаржылай құны бар және банкке тиесілі жекеменшік нысандары саналады.

Бір айда "Халық банкінде" жекелеген салымшылардың депозитінің көлемі 69 миллиард теңгеге артып, 1,63 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық банк мәліметі бойынша, "Казкоммерцбанктегі" жеке тұлғалардың депозитінің көлемі 81 миллиард теңгеге азайып, 1,39 триллион теңгені құраған.

Өткен жылдың желтоқсанында Bloomberg агенттігі "Казкоммерцбанк" мемлекеттің "банктерді құтқару бағдарламасы" аясында "бір жарым триллион теңге шұғыл несие алғаны" туралы хабар таратқан еді. Агенттіктің хабарламасынан соң "Казкоммерцбанк" Ұлттық банкпен және Қазақстан үкіметімен "банкті құтқару" бойынша көмек алу туралы ешқандай келіссөз жүргізіп жатпағанын мәлімдеген. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "Казкоммерцбанк" салымшыларына банктің жағдайына алаңдамауға шақырған. Қаңтардың ортасында "Халық банк" "Казкоммерцбанкпен" және оның ірі акционері Кеңес Рақышевпен мәміле бойынша алдын ала келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған. Банк ақпаратына қарағанда, әзірге мәміле шарттары туралы айтуға ерте. Екі банктің бір банкке бірігуді талқылап жатқаны туралы ақпарат құралдарында алғаш өткен жылдың қараша айында хабарланған. Ол кезде банктердің басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Қазақстандағы банк секторының 38 пайызы "Казкоммерцбанк" пен "Халық банкінің" үлесіне тиеді. "Казкоммерцбанк" акцияларының бақылау пакетіне бизнесмен, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев ие. "Халық банкінің" ең ірі акционері Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бақылайтын "АЛМЭКС" тобы саналады.

XS
SM
MD
LG