Accessibility links

Квебекте мешіттегі шабуылға күдіктіге айып тағылды


Александр Биссоннетте, Квебекте мешітте шабуыл жасады деген күдікті.
Александр Биссоннетте, Квебекте мешітте шабуыл жасады деген күдікті.

Канадалық 27 жастағы студент Александр Биссоннеттке Квебек қаласындағы мешітте алты адамды өлтірді деген айып тағылды. Әсіре оңшыл көзқарасты ұстанатын Биссоннетт сонымен қатар бес эпизод бойынша кісі өлтірмек болды деп айыпталып отыр. Шабуылға қатысты ұсталған Мароккодан шыққан канадалық Мохамед әл-Кадир енді іске куәгер ретінде тартылмақ.

Полиция 29 қаңтарда мешітте болған атысты бір адам ғана жасаған дейді. Қарулы күдікті кешкілік құлшылық кезінде мешітке кіріп, ондағы адамдарға оқ жаудырған. Шабуылдан алты адам қаза тауып, 17 адам жараланған. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Квебек провинциясының премьері Филипп Кюяр шабуылды "мұсылмандарға қарсы теракт" деп бағалады. Трюдо парламентке жасаған үндеуінде Канадада тұратын бір миллион мұсылманға "Біз сіздермен біргеміз. 36 миллион адамның жүрегі сіздермен бірге қайғыдан қарс айрылды. Біз сіздерді бағалаймыз" деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Джастин Трюдомен телефонмен сөйлескенінде шабуыл құрбандарының қазасына көңіл айтты. Париж мэрі шабуыл құрбандарын еске алу үшін және Канадаға "бауырластық үндеу" ретінде Эйфель мұнарасының жарығы түн ортасында сөндірілетінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG