Accessibility links

Трамп әділет министрінің міндетін атқарушыны отставкаға жіберді


АҚШ әділет министрлігінің эмблемасы (Көрнекі сурет).
АҚШ әділет министрлігінің эмблемасы (Көрнекі сурет).

АҚШ президенті Дональ Трамп әділет министрінің міндетін атқарушы Салли Йетсті өзінің жеті мұсылман елдері азаматтарының АҚШ-қа кіруіне уақытша тыйым салу туралы жарлығын сотта қорғаудан бас тартқаны үшін отставкаға жіберді.

Әділет министрінің міндетін атқаруға бұрынғы президент Барак Обама тағайындаған Йетс ведомствоны сенат әділет министрінің жаңа басшысын бекіткенше басқаруы тиіс болған. Сенат Трамптың әділет министрі қызметіне ұсынған адамы - Джефф Сешнстың кандидатурасын жақын уақытта бекітуді жоспарлап отыр.

30 қаңтарда Йетс қарамағындағы қызметкерлеріне президенттің елге жеті ел мигранттарының кіруіне тыйым салу туралы жарлығын сотта қорғамауға бұйрық берген. Бірнеше сағаттан соң Ақ үй Йетстің "АҚШ азаматтарын қорғайтын заңды жарлықты орындаудан бас тартып әділет министрлігіне сатқындық жасағаны" туралы мәлімдеме таратты.

Бұдан бірнеше сағат бұрын сенаттағы демократтар жетекшісі Чарльз Шумер президенттің жарлығын дереу жою туралы қарарды дауысқа салмақ болған. Бірақ республикашылар бұл қадамды мақұлдамай тастаған. Шумердің Демократиялық партиядағы әріптесі, өкілдер палатасының мүшесі Джерри Надлер президенттің жарлығын конгресмендер емес, сот қана жоя алады дейді.

Өткен аптаның соңында бірнеше федералдық судья жарлықтың жекелеген пунктері, оның ішінде босқындарды елдеріне жөнелту туралы бөлімінің күшін жойған.

Барак Обама кеше бұрынғы президенттің өзінің орнына келген президенттің саясатын сынаудан тартынатын дәстүрін бұзып, мигранттардың кіруіне тыйым салуға қатысты мәлімдеме жасады. Барак Обама онда Дональд Трамптың жарлығына үзілді-кесілді қарсы екенін білдіріп, АҚШ әуежайларында наразылық акцияларын өткізіп жатқан демонстранттарға қолдау білдірді. "Адамдарды діни сеніміне қарап кемсітуді құптай алмаймын" делінген Обаманың мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG