Accessibility links

FH Қазақстанды "еркін емес" елдер қатарына тағы қосты


Freedom House-дың 2016-жылғы әлемдегі саяси және азаматтық бостандықтардың жай-күйі туралы есебінің картасы.
Freedom House-дың 2016-жылғы әлемдегі саяси және азаматтық бостандықтардың жай-күйі туралы есебінің картасы.

Қазақстан Freedom House (FH) халықаралық құқық қорғау ұйымының жыл сайынғы әлемдегі саяси және азаматтық құқықтардың жай-күйі туралы есебінде биыл да "еркін емес ел" қатарына енгізілді. Ұйымның бүгін жариялаған "Әлемдегі еркіндік - 2017" деп аталатын есебінде Қазақстан 2016 жылдың саяси еркіндіктер көрсеткіші бойынша нашар баға алған.

FH саяси және азаматтық еркіндіктердің жай-күйі бойынша 195 мемлекеттің 87-сін "еркін, 59-ын "жартылай еркін" ел деп таныған.

"Еркін емес" елдер тізімінде Қазақстан Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресей сияқты 48 елмен қатар тұр. Баяндамада Еуразия аймағы "демократияға бет бұрған" және автократиялық" елдер деп екіге бөлінген. Баяндамада Украина, Грузия және Молдова әзірге әлсіз болса да орнай бастаған демократияны нығайтуға тырысып жатса, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан басшылары экономикалық және саяси бағдар айқындалмай тұрған кезеңде өз билігін нығайту қадамдарын жасап жатыр делінген.

"Ең еркін емес" 11 елдің қатарында Солтүстік Корея, Сирия, Эритреямен қатар Өзбекстан мен Түркіменстан да тұр.

FH-тың саяси еркіндіктер рейтингінде Қазақстанға жеті балл, азаматтық еркіндіктер рейтингінде бес балла берілген. Бұл өлшемнің әрбірі 1-ден (максимум - "еркіндік жағдайы өте жақсы") 7-ге дейінгі (минимум - "еркіндік жағдайы өте төмен") шкала бойынша бағаланады.

Рейтингте ең жақсы баға Финляндияға берілген. Одан кейінгі орындарда Норвегия, Швеция, Канада және Нидерланд тұр.

Қазақстан Freedom House-дың өткен жылы және оның алдыңғы жылғы баспасөз еркіндігі және интернет еркіндігі жөніндегі есептерінде "еркін емес" елдер қатарында болған.

Freddom House 2016 жылы әлемде саяси және азаматтық бостандық жай-күйінің нашарлауына демократиялық елдер де ықпал етті деп санайды. Құқық қорғаушылар 2016 жылы авторитарлық режимдер ашық күш алып, демократиялық елдерде популистер мен ұлтшылдар билікте кәдімгідей күш алғанын айтады.

XS
SM
MD
LG